Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Сен бармайтын болдың": Мақпал Жүнісова әділетсіздікке ұшырағанын айтты

"Сен бармайтын болдың": Мақпал Жүнісова әділетсіздікке ұшырағанын айтты
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова шығармашылық жолының алғашқы жылдарында басынан өткен келеңсіз жағдайды еске алды. Әншінің айтуынша, 1983 жылы Мәскеуде өтетін байқаудың финалына жолдама алғанымен, соңғы сәтте оның орнына басқа адам жіберілген, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі бұл оқиға туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, байқаудың іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ақтық сынға қатысу мүмкіндігіне ие болған. Алайда Мәскеуге аттанар алдында күтпеген хабар естіген. Әнші сол кездегі Мәдениет министрлігінен өзіне финалға бармайтынын айтқанын жеткізді. Ал оның орнына байқауға мүлдем қатыспаған басқа адам жіберілген.

"1983-ші жылдан естелік, финалға Москваға өтіп тұрып, орныма мүлдем қатыспаған біреудің кеткені, маған сол кездегі Мәдениет министрлігінен сен бармайтын болдың финалға дегені еске түсті", – деп жазды Мақпал Жүнісова.

Әнші бұл шешімнің өзіне ауыр тигенін жасырмады. Дегенмен арада қанша жыл өтсе де, мұндай өзгеріске нақты не себеп болғанын және оның орнына кімнің барғанын ашып айтқан жоқ.

Мақпал Жүнісованың жазбасы желі қолданушыларының назарын аударды. Оқырмандар өнер иесіне қолдау білдіріп, оның қазақ эстрадасындағы еңбегін жоғары бағалады.

Көпшілік әншінің кезінде кездескен кедергілерге қарамастан, өнердегі өз орнын тауып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленгенін атап өтті.

Мақпал Жүнісова кім?

Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген.

Өнер жолын "Гүлдер" ансамблінде халық әндерін орындаудан бастап, кейін "Қазақконцерт" бірлестігінде еңбек етті. Әнші 1989 жылы Шымкент мәдениет институтын тәмамдаған.

1994 жылы Қазақстанның халық әртісі атағына ие болып, 1999 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

"Аққу сазы", "Ғашық жүрек", "Армандастар", "Жан ана", "Мәңгілік сағыныш" секілді әндері арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол халықаралық өнер байқауларында бірнеше мәрте жүлде алып, қазақ ән өнерінің дамуына елеулі үлес қосты.