Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда ірі көлемде валюта сатып алатындарға жаңа талап енгізіледі

Қазақстанда ірі көлемде валюта сатып алатындарға жаңа талап енгізіледі
ашық дереккөз

Қазақстанда жеке және заңды тұлғалардың ірі көлемде шетел валютасын сатып алу тәртібі өзгереді. Енді белгіленген шектен асқан жағдайда валютаны сатып алуға өтінімді кемінде бір жұмыс күні бұрын беру қажет, деп хабарлайды ult.kz LS-ке сілтеме жасап.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тиісті қаулыға 2026 жылғы 30 қазанда қол қойған.

Кімдерге қандай талап қойылады?

Жаңа тәртіп бойынша, бір күн ішінде:

  • жеке тұлғалардың валюта операциялары 3 млн доллардан асса;
  • заңды тұлғалардың операциялары 10 млн доллардан асса, қосымша бақылауға алынады.

Мұндай шекке жеткеннен кейін шетел валютасын сатып алуға берілетін келесі өтінімдер операция жасалатын күннен кемінде бір жұмыс күні бұрын қабылданады.

Ақша қайдан келгені тексеріледі

Агенттік ірі көлемдегі валюта операцияларын бақылау кезінде клиенттердің қаражатының шығу тегін, түпкі бенефициарларын, іскерлік беделін және қажетті лицензияларының бар-жоғын тексереді.

Сондай-ақ бұған дейін қызмет көрсетуден бас тартылған тұлғалардың тізімі қаралады. Тәуекелі жоғары елдермен және офшорлық аймақтармен байланысты операцияларға ерекше назар аударылады.

Шетелдіктерге брокерлік шот ашу қиындайды

Жаңа талаптар шетел азаматтарының Қазақстанда брокерлік шот ашуына да қатысты.

Енді бағалы қағаздар нарығына қатысушылар резидент емес клиенттерді мұқият тексеруге міндеттеледі. Бұл ретте міндетті биометриялық сәйкестендіру және құжаттарды жан-жақты тексеру қарастырылған.

Агенттік бұл шаралар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күреске бағытталғанын мәлімдеді.