Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанда «Яндекстің» бес компаниясы тексеріледі: дербес деректер қалай қорғалады?

Қазақстанда «Яндекстің» бес компаниясы тексеріледі: дербес деректер қалай қорғалады?
flickr

Қазақстанда «Яндекс» компаниясының бес заңды тұлғасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Қараша айының соңына дейін аяқталуы тиіс зерделеу барысында азаматтардың жеке деректерін жинау, сақтау және қорғау талаптарының орындалуы тексеріледі, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Министрдің түсіндіруінше, ведомство дербес деректерді өңдейтін ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізіп, олардың ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау кезінде заң талаптарын сақтауын қадағалайды.

Осыған байланысты тексеру «Яндекс» компаниясының Қазақстандағы бес заңды тұлғасын қамтиды. Олар:

«Яндекс Казахстан» ЖШС;

«Yandex Bastau» ЖШС;

«Яндекс. Такси Корп» ЖШС;

«Яндекс. Еда Казахстан» ЖШС;

«Яндекс LLP» ЖШС.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, тексеру барысында дербес деректерді қорғау жөніндегі заңнама талаптарының орындалуы жан-жақты зерделенеді. Әсіресе ақпаратты Қазақстан аумағында сақтау, деректерді қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың тиімділігіне назар аударылады.

Тексеру қорытындысы бойынша компаниялардың заң талаптарын сақтауына баға беріледі. Егер заңбұзушылықтар анықталса, оларды жою жөнінде шаралар қабылданып, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесі қаралады.

Министрлік тексеру нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды жоспарлап отыр.