Абай облысында бір апта бұрын жоғалып кеткен 44 жастағы Семей тұрғыны Ринат Ахметовті іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның Lexus LX 570 маркалы автокөлігі Бородулиха ауданындағы жырадан табылған, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1982 жылы 1 шілдеде туған Ринат Ахметов 4 қарашада үйінен шығып, қайта оралмаған. Оның жоғалғаны туралы 7 қарашада 69 жастағы әкесі полицияға хабарлаған.
Іздестіру шаралары барысында 9 қарашада Алексеевка ауылынан шамамен 15 шақырым жердегі жырадан жоғалған азаматтың көлігі анықталған. Алайда Ринат Ахметовтің өзі әзірге табылған жоқ.
Полиция қызметкерлері іздеу және жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр. Іздестіру жұмыстары автокөлік табылған аумақ пен оған іргелес жерлерде жүргізілуде.
Абай облыстық полиция департаменті тұрғындардан жоғалған азамат немесе оның көлігі туралы қандай да бір мәлімет болса, дереу 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.
«Ринат Ахметовтің қайда екені туралы ақпарат білетін немесе 4 қарашадан бастап оны не аталған көлікті көрген азаматтар болса, "102" телефонына хабарласуды немесе жақын маңдағы полиция бөліміне жүгінуді сұраймыз», – делінген полиция хабарламасында.