Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру айтарлықтай өсті. Қаражаттың негізгі көлемі гранттар мен ғылыми бағдарламаларды қаржыландыруға бағытталуда. Сонымен қатар, 2025 жылы ғылымды бюджеттік қаржыландырудың 281 миллиард тенгесінің ішінен ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыруға бары-жоғы 3,6 миллиард теңге, яғни 1,3% ғана тиесілі болды. Нәтижесінде ғылыми институттар гранттан грантқа дейін күн көруге мәжбүр. Олар ғимараттарды, зертханалар мен құрал-жабдықтарды ұстап тұруы, коммуналдық қызметтерді төлеуі қажет. Бұл муқтаждықтарға қаражатты көбіне ғылыми жобалардың бюджетінен іздеуге тура келеді. Осындай мәселе көтерген Құрылтай депутаты Владимира Киян Құрылтай отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сұрақ қойды. Ол министрлік бұл мәселені қалай шешуді жоспарлап отырғанын сұрады.
Сұраққа жауап берген Саясат Нұрбек мәселені мойындап, жағдайды былай түсіндірді:
«Базалық қаржыландыру бойынша 3,6 млрд — бұл біздің бюджеттегі базалық қаржыландыруға арналған бөлек бап. Бірақ ол жерде ғылыми-зерттеу институттарын ұстап тұруға бағытталған тағы бірнеше қосымша бап бар. Жөндеуге, күрделі жөндеуге, қосымша жабдықтауға біз жыл сайын 3 миллиардқа жуық қаржы саламыз. Ғылыми құрал-жабдықтарды қаржыландыру, жаңа зертханаларды ашу бөлек жүреді, сондықтан ҒЗИ (ғылыми-зерттеу институттарының) базалық қажеттіліктеріне шамамен 10 миллиардқа жуық қаржы кетеді. Мен қазір жоғары оқу орындарын айтып отырған жоқпын», — деді министр.
С. Нұрбектің айтуынша 2023 жылдан бастап іргелі ғылыми зерттеулерге (ІҒЗ) арналған қаржыға байланысты бөлек бап енгізілген. Министр бұл бюджетте бірден көрінбеуі мүмкін бөлек бап екенін айтады. Депутат Асхат Аймағамбетовпен бірге ол заң жобасын пысықтағанын еске салған Ғылым және жоғары білім министрі қазір бұған 13 миллиард теңге қарастырылғанын айтып отыр.
«Сондықтан бұл — іргелі ұзақ мерзімді зерттеулермен айналысатын институттар. Бұл — археология, бұл — тарих, бұл — сейсмология. Сондықтан ол жердегі 3,6 млрд-тың үстіне тағы да 7 + 13, яғни 20 миллиардтан астам теңге қосылады», — деді Саясат Нұрбек.
Дегенмен, министрдің пікірінше бұл да институттарды дамыту, ғылыми мектепті қалыптастыру және қолдау үшін өте көп емес, қосымша қаражат әлі де қажет.
«Бірақ біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Міне, осы екі шара — ІҒЗ және зертханаларды қосымша жабдықтау. Тіпті кезінде біздің гранттық бағдарламалар аясында жабдықтарға бөлек грант қарастыру идеясы болған, бірақ ол әлі Қаржы министрлігінде қолдау таппады. Жалпы алғанда, институттарды, әсіресе осал, іргелі зерттеулермен айналысатын институттарды базалық сүйемелдеу және қолдау бойынша бүгінгі таңда жақсы қаржылық негіз құрылды», — деді ол.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесу барысында «біз жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекіттік» дегенді айтқан болатын.
«Енді бәріміз бұл мақсатты міндетті түрде іске асыруымыз керек. Басқа жол жоқ. Бұл – өте күрделі міндет, оны түсінуіміз керек. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ғылым қауымдастығы кәсіби біліктілік, адалдық және отаншылдық қасиеттерін танытуы қажет. Мен сіздерге үміт артамын, – деген еді Президент өз сөзінде.