Қазақстандықтарды 17 қарашада болуы мүмкін апат туралы хабарламалар алаңдатты: ТЖМ не дейді?

Қазақстандықтарды 17 қарашада болуы мүмкін апат туралы хабарламалар алаңдатты: ТЖМ не дейді?
ТЖМ

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қараша айында болуы мүмкін апатқа байланысты ешқандай ресми ескерту таратпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Соңғы апталарда әлеуметтік желілерде түрлі елдердің үкіметтері азаматтарға азық-түлік пен су қорын жинап, ауқымды апатқа дайындалуды тапсырғаны туралы ақпарат тараған. Сонымен қатар 17 қарашада жаһандық кибершабуыл болып, банктер мен интернет жұмысы бұзылады деген болжамдар да жарияланған.

Tengrinews.kz сауалына жауап берген ТЖМ мұндай төтенше жағдай туралы ресми ескерту жасалмағанын хабарлады.

«Қазіргі уақытта министрлік қараша айында болуы мүмкін қауіптерге немесе төтенше жағдайларға байланысты халыққа азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын шұғыл жинау қажеттігі туралы ресми ескерту таратқан жоқ», – делінген ведомство жауабында.

Неліктен үйде үш күндік қор болуы керек?

Сонымен бірге ТЖМ үйде кемінде үш тәулікке (72 сағатқа) жететін қажетті заттар қорын ұстау жөніндегі ұсыныс бар екенін растады. Алайда бұл қандай да бір нақты қауіпке байланысты емес. Бұл – жер сілкінісі, су тасқыны сияқты төтенше жағдайларға алдын ала дайындық шарасы.

Министрлік әр адамға тәулігіне шамамен үш литр ауызсу есебінен қор жинауды ұсынады. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасыға үш күнге 36 литр су қажет.

Сондай-ақ үйде ұзақ сақталатын азық-түлік, дәрі-дәрмек, алғашқы көмек қобдишасы, құжаттар, қолма-қол ақша, телефон қуаттағыштары, пауэрбанк, қолшам және жылы киім болғаны жөн.

17 қарашада алаңдауға негіз бар ма?

ТЖМ жағдайды тәулік бойы бақылап отырғанын және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Ведомство қазақстандықтарды әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпараттарға сенбеуге шақырды. Ресми мәліметтерді ТЖМ сайтынан, Telegram-дағы 112 арнасынан және министрліктің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болады.

Төтенше жағдай туындап, көмек қажет болса, 112 нөміріне хабарласу керек.