Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Амур есімді аталық жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Ол «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына шығарылған екінші жолбарыс атанды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 2026 жылғы 31 қазанда болды. Бұған дейін, 31 шілдеде, Үміт есімді аналық жолбарыс табиғатқа жіберілген еді. Осылайша, Қазақстанның жабайы табиғатында 70 жылдан астам уақыт болмаған жыртқыштар тарихи мекеніне қайта орала бастады.
Амур Қазақстанға жеткізілгеннен кейін резерваттағы арнайы бейімдеу қоршауында ұсталды. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін және адамға қатысты мінез-құлқын тексерген. Нәтижесінде жолбарыстың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екені анықталған.
Енді оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуі спутниктік бақылау қарғыбауы арқылы қадағаланады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтарумен шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру.
Айта кетейік, Қазақстанға 2026 жылғы мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен төрт Амур жолбарысы жеткізілген. Олардың екеуі – ересек жолбарыс, екеуі – күшік. Күшіктер әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Қажетті жасқа жетіп, ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткен соң, оларды да табиғатқа жіберу мәселесі қаралады.
Жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жұмысы 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылғаннан кейін жүйелі түрде қолға алынған. Осы уақыт ішінде тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарлардың санын көбейту және жыртқыштардың қоректік базасын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық паркінен резерватқа 30 құлан көшірілген.
Мамандар жолбарыстардың қозғалысын бақылап қана қоймай, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де басымдық беріп отыр. Ол үшін адам мен жыртқыш арасындағы ықтимал қақтығыстардың алдын алу тобы құрылған.
Жоба Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда тіршілік етіп, көбейетін жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.