14 елдің өкілдері мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект қолдану тәжірибесін талқылады

14 елдің өкілдері мемлекеттік басқаруда жасанды интеллект қолдану тәжірибесін талқылады

Ыстанбұлда өткен өңіраралық конференцияда 60-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшы жасанды интеллектіні тиімді басқару, цифрлық қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтерге жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ult.kz.

2026 жылғы 9 қазанда Ыстанбұл қаласында «Жасанды интеллектіні басқару тәжірибесі» атты өңіраралық конференция өтті. Іс-шараға 14 елден 60-тан астам мемлекеттік қызметші, практик маман және БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты.

Конференцияны Астана мемлекеттік қызмет хабы, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі мен Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі БҰҰДБ-ның Ыстанбұл өңірлік хабының қолдауымен ұйымдастырды.

Жасанды интеллектіні дамытуда адам мүддесі басты орында

БҰҰДБ Ыстанбұл өңірлік хабының басшысы Стелиана Недер технологияларды енгізу қарқынының елдер арасында әркелкі екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық алшақтықтың ұлғаюына жол бермеу үшін инновацияларды қолдау мен жасанды интеллектіні тиісті деңгейде реттеу арасында тепе-теңдік қажет.

Түркия Республикасы Президенті жанындағы Киберқауіпсіздік басқармасының жасанды интеллект жөніндегі бас директоры Осман Гази Гючлютүрк қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі адамның шешім қабылдау құқығын сақтайтын басқару тәсілдерін дамыту маңызды екенін жеткізді.

Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов адам мен жасанды интеллект қатар әрекет ететін жаңа дәуірде жауапкершілік пен адами бақылаудың маңызы арта түсетінін айтты. Ол жасанды интеллект қоғам игілігіне қызмет етіп, адам құқықтарын қорғауы үшін мемлекеттік институттарды нығайту, мамандардың құзыреттерін дамыту және тиісті қорғаныс тетіктерін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.

Корея тәжірибесі: мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін дамыту

Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект бюросының бас директоры Донг Су Чанг «Үкіметтің жасанды интеллект зертханасы» бастамасын таныстырды. Бұл алаңда мемлекеттік қызметшілер жұмыс барысында кездесетін мәселелерді өздері анықтап, жасанды интеллект көмегімен шешімдерді сынақтан өткізіп, бастапқы үлгілерін әзірлейді.

Корея тәжірибесі технологиялық инфрақұрылымды дамытумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жаңа құралдарды тиімді пайдалану дағдыларын жетілдірудің маңызын көрсетеді.

Конференция қатысушылары Кореяның жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу тәжірибесімен, оны қолданудың құқықтық негіздерімен, цифрлық сәйкестендіру және киберқауіпсіздікті нығайту тетіктерімен танысты. Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірлерінен келген өкілдер өз елдеріндегі жетістіктері мен жаңа технологияларды енгізу кезінде кездесетін қиындықтарды ортаға салды.

Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесін ұсынды

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі Аружан Сарыева мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан жасанды интеллектіні дамытуға көшу бағытындағы жұмыстарды таныстырды.

Оның мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы толық цифрландырылған. Алдағы бес жылдағы басым міндеттердің бірі – бір миллион азаматқа жасанды интеллектіні қолдану дағдыларын үйрету.

Сондай-ақ баяндамада Цифрлық кодекстің және жасанды интеллект туралы жеке заңның қабылдануы, ұлттық суперкомпьютерлердің іске қосылуы мен Астанада білім беру, ғылыми зерттеулер және стартаптарды қолдауды біріктіретін alem.ai халықаралық орталығының ашылуы атап өтілді.

Халықаралық ынтымақтастық – ортақ міндеттерді шешу жолы

Алихан Байменов жаңа технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және цифрлық теңсіздіктің ұлғаюына жол бермеу үшін халықаралық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Осы ретте ол Корея Республикасы қаржыландыратын өңіраралық бастаманың нәтижелеріне тоқталды.

2021 жылы іске қосылған бастамаға қатысушы елдердің саны жетіден он екіге дейін өскен. Осы уақыт аралығында ұйымдастырылған оқыту іс-шаралары 500-ден астам мемлекеттік қызметші мен практик маманды қамтыған.

Конференция аясында қатысушылар жасанды интеллект агенттерін мемлекеттік басқаруда қолдану мүмкіндіктерін де талқылады. Интерактивті сессия барысында олар мұндай шешімдерді өз елдерінде қандай бағыттардан бастап енгізуге болатынын қарастырды.

Іс-шара халықаралық тәжірибе алмасуға, практикалық құралдарды талқылауға және мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қоғам қажеттіліктеріне сай, қауіпсіз әрі жауапты қолдану тәсілдерін дамытуға мүмкіндік берді.