Алматыда отшашу атқандарға салынатын айыппұл көлемі 130 мың теңгеге жуықтайды. Ал 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап қаланың белгілі бір аумағында азаматтық пиротехниканы қолдануға толық тыйым салынбақ. Алайда жаңа шектеу бірден бүкіл қалаға жүрмейді, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзып, белгіленбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолданғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабы бойынша айыппұл салынады.
Алғашқы құқық бұзушылық үшін 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді. Қайталанған жағдайда айыппұл 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін өседі.
Әкімдік отшашудың қоршаған ортаға да зияны бар екенін ескертті. Пиротехника жарылған кезде ауаға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз күндері бұл қалдықтар ауада ұзақ сақталады.
2027 жылдан бастап қай жерде отшашуға болмайды?
2027 жылғы 8 қаңтардан бастап Алматының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына енгізілген норма күшіне енеді. Оған сәйкес, шығарындылары төмен аймақта (LEZ) азаматтық пиротехниканы қолдануға тыйым салынады.
Алайда шектеу бірден бүкіл қала аумағына таралмайды. Алдымен әкімдік арнайы қаулы қабылдап, шығарындылары төмен аймақтың нақты шекарасын бекітуі керек.
Қазақстанда отшашу атқандарға жаза күшейіп жатыр
Соңғы айларда еліміздің бірнеше өңірінде пиротехниканы заңсыз қолданғандар жауапқа тартылған.
- Атырауда өткен аптада сот мейрамхана маңында отшашу атқан тұрғынға 60 550 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар облыста пиротехника сататын және сақтайтын орындарға рейд жүргізіліп жатыр.
- Астанада тұрғын үйлердің жанында отшашу атқандар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылуда. 26 құқық бұзушының 19-ы 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ елорда тұрғыны кафе маңында отшашу атқаны үшін бес тәулікке қамалған.
- Бурабайда ұлттық парк аумағында отшашу ұйымдастырғаны үшін Rixos Lake Borovoe қонақүйінің иесі мен іс-шараны ұйымдастырған компанияға айыппұл салынған.
Алматының өзінде пиротехникаға қатысты дау тамыз айында Канье Уэсттің концертінен кейін өршіген еді. Сол кезде продюсер Баян Алагөзова стадионда атылған отшашуға байланысты заң алдында бәрі бірдей жауап бере ме деген сауал көтерген болатын.