Ресейден Қазақстанға тасымалданған 605 мың дана тауық жұмыртқасынан ветеринариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Өнім тиісті таңбалаусыз тасымалданған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде тіркелген. Самара облысынан Қызылорда облысына бағыт алған екі жүк көлігі тексерілген. Нәтижесінде жұмыртқалардың сыртқы қаптамасында таңбалау жапсырмалары жоқ екені анықталды.
Осыған байланысты екі жүк көлігі де Ресейге кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірдегі ветеринариялық бақылау бекеттерінде 294 заңбұзушылық тіркелген. Нәтижесінде 294 көлік кері қайтарылып, 147 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ведомство жүк тасымалдаушыларға өнімнің тиісті таңбасы болуын, ветеринариялық құжаттардың дұрыс рәсімделуін және ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын ескертті.