Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ән, жүрек және саясат: Армения премьер-министрі әлеуметтік желіде өз имиджін қалай қалыптастырып жүр?

Ән, жүрек және саясат: Армения премьер-министрі әлеуметтік желіде өз имиджін қалай қалыптастырып жүр?
Никол Пашинян, Астана, 2025 жылғы қараша. Фото: primeminister.kz

Қазіргі саясатта имидж тек ресми мінберде қалыптаспайды. Instagram-дағы қысқа видео, музыка немесе бір ғана ишара саясаткерге бұрын танымаған аудиторияның да назарын аудара алады. Армения премьер-министрі Никол Пашинянның желідегі бейресми жарияланымдары – осы құбылыстың көрнекі мысалы.

Пашинянның музыка тыңдап, камераға қолымен жүрек белгісін көрсететін бейнелері әлеуметтік желіде жиі таралады. 2025 жылғы 21 қарашада Астанаға сапары кезінде ол Instagram-да қазақстандық әнші BAYANSULU орындаған «Aua Rai» әнімен видео жариялады. Бейнежазбаның соңында жүрек ишарасын жасап, оқырмандарына жылы тілек білдірді. Бұл сәтті қазақстандық ақпарат құралдары да жазды.

Саяси маркетинг тұрғысынан мұндай тәсіл «персонализация» деп аталады: саясаткер лауазым иесі ретінде ғана емес, талғамы, эмоциясы және күнделікті әдеттері бар адам ретінде көрінеді. Музыкалық сүйемелдеу, қарапайым кадрлар мен қайталанатын жүрек ишарасы оның цифрлық бейнесінің танылатын элементтеріне айналады. Бұл саясатты тұрақты қадағаламайтын адамдарға да жетуге мүмкіндік береді. Әдістің артықшылығы – аудитория назарын тарту және ресми қарым-қатынастан бөлек эмоциялық байланыс құру мүмкіндігі. Алайда видеоны ұнату саясаткердің нақты шешімдерін қолдау дегенді білдірмейді. Әлеуметтік желіде қалыптасқан жағымды әсер мен саяси қызметтің нәтижесін шатастыру – имидждік коммуникацияның басты тәуекелдерінің бірі.

Сондықтан бейресми контентті бағдарламалар мен шешімдер туралы түсінікті ақпарат, ашық сұрақ-жауап және нақты есептілікпен толықтырған жөн. Пашинян мысалы бір нәрсені анық көрсетеді: қазіргі саяси бренд тек сөзден емес, музыкадан, кадрдан және символдан да құралады. Бірақ сенімді имидждің өлшемі – тек қаралым саны емес, сөз бен істің сәйкестігі.

Айзере Мұсабек ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

саясаттану мамандығының магистранты