Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Абай облысында заңсыз алтын өндірген топтың әрекеті тоқтатылды

Абай облысында заңсыз алтын өндірген топтың әрекеті тоқтатылды
7kun.kz

Абай облысының Жарма ауданында рұқсатсыз алтын өндірген топтың әрекеті анықталды. Заңсыз қазба жұмыстары салдарынан 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен заңсыз алтын өндіру дерегін анықтаған.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып, арнайы жабдықтармен шайған.

Аумақты тексеру кезінде тереңдігі 15 метрлік карьер анықталды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан.

Жедел іздестіру шаралары барысында іске қатысы бар тоғыз адам анықталды. Оқиға орнынан кенді ұсақтауға және шаюға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар материал салынған жеті қап, екі металл іздегіш, екі тиегіш пен бір экскаватор тәркіленді.

Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.