Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында оқушылар арасындағы бопсалау және үш жасөспірімді өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу деректері бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, ауыл мектептерінде «Система» деп аталатын бейресми топ әрекет еткен. Оның өз иерархиясы, бағыну талаптары мен жазалау тәртібі болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, топ мүшелерінің бопсалау әрекеттері үш жасөспірімнің қазасымен байланысты болуы мүмкін.
Екі күдіктіге қорқытып алу және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу баптары бойынша айып тағылып, қамауға алынды. Тағы бес адам қорқытып алу бойынша айыпталды. Оларға қатысты өзге бұлтартпау шаралары қолданылды.
Қазіргі уақытта бейресми топтың қызметі тоқтатылған. Айыпталушылардың кінәсін сот анықтайды.