Түрмеге телефон лақтырмақ болған қызылордалық ұсталды

Түрмеге телефон лақтырмақ болған қызылордалық ұсталды
Polisia.kz

Қызылордада түзеу мекемесіне тыйым салынған зат жеткізбек болған тұрғын қолға түсті. Ол №60 мекеменің аумағына телефон мен қуаттағыш лақтыруға әрекеттенген, деп хабарлайды ult.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері мекеме маңында күдік тудырған азаматты байқап, дер кезінде ұстаған. Оқиға орнына полицияның жедел-тергеу тобы шақырылды.

Ұсталған азаматты тексеру кезінде скотчпен оралған заттың ішінен ұялы телефон мен қуаттағыш құрылғысы табылды.

Аталған дерек бойынша екі азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы бойынша материалдар рәсімделіп, сотқа жолданды.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің жедел тобының аға жедел уәкілі Дастан Сайдильдиновтің айтуынша, жыл басынан бері түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге қатысты 15 әрекет тіркелген. Оның бесеуінде телефондарды мекеме аумағына лақтыру көзделсе, қалған он жағдайда тыйым салынған заттарды сәлем-сауқат арқылы жеткізуге талпыныс жасалған.

«Тыйым салынған заттарды мекемеге жеткізуге байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанына қарамастан, мұндай заңсыз әрекеттер әлі де кездеседі», – деді Дастан Сайдильдинов.

ҚАЖ қызметкерлері түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тыйым салынған заттардың ішке өтуіне жол бермеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.