Аяқ киімі үшін жеңісі жойылған Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер берілді

Аяқ киімі үшін жеңісі жойылған Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер берілді
Жеңіл атлетика федерациясы

Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сыйлықты Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мен демеушілер ұсынған, деп хабарлайды ult.kz.

Федерация XX Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттау рәсімін өткізді. Шара барысында спорттық жүрістен марафон қашықтығында өнер көрсеткен Ясмина Тоқсанбаеваға пәтер берілді.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышын бөлісіп, қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтты.

«Ішімдегі қуаныш пен толқынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Өз елімнің және федерацияның осылай бағалағанына шексіз қуаныштымын. Бұл мені одан әрі дамып, алға жылжуға жігерлендіреді», – деп жазды ол.

Еске салайық, Айчи-Нагояда өткен Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафонды 3 сағат 22 минут 20 секундта аяқтап, мәреге бірінші болып келген еді. Алайда кейін спортшының нәтижесі жойылды. Бұған жарыста пайдаланған аяқ киімінің бекітілген тізім талаптарына сәйкес келмеуі себеп болған.

Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттаған болатын. Марапаттау рәсімінен кейін Ясмина Тоқсанбаева Азиададан кейінгі өмірі туралы пікір білдірді.