Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан кубогының иегері атанды. Финалда қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен ірі жеңіліске ұшыратты, деп хабарлайды ult.kz.
Шешуші кездесу «Түркістан Арена» стадионында өтті. Жеңімпаз команда сапынан Сұлтанбек Астанов, Елхан Астанов, Бьорн Йонсен және Давид Абагна гол соқты. Ал «Қайсардың» жалғыз голын Агостинью Азеведу өз еншісіне жазды.
Бұл - «Ордабасы» клубының тарихындағы Қазақстан кубогының үшінші жеңісі. Сонымен қатар Андрей Мартин жаттықтыратын шымкенттік команда бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанған болатын. Осылайша, клуб бір маусымда ел чемпионаты мен Қазақстан кубогын жеңіп алып, «алтын дубль» жасады.
Қазақстан кубогының финалдық кездесуі елдегі футбол маусымының ресми түрде аяқталғанын білдірді.