Астанада бір топ жекеменшік балалар орталығының өкілдері Face ID технологиясын енгізуге қарсылық білдіріп, әкімдік алдында наразылық акциясын өткізді. Бұл жағдайға қатысты қоғам белсендісі Сәбит Рысбаев Facebook парақшасында пікір білдірді. Оның айтуынша, балалардың қосымша білім алуына бөлінетін бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін электронды есепке алу жүйесін енгізу қажет. Автор жекеменшік орталықтардың бұл бастамаға қарсылығының себебіне күмән келтіріп, мәселенің мәніне тоқталған, деп хабарлайды ult.kz.
"Кеше бір топ жекеменшік балалар орталығының өкілі Астана әкімшілігінің алдында кішігірім пикет жасапты. Себебі не дейсіз ғой? Орталықтарға Face ID технологиясын енгізуге қарсылық білдірген. Енді заңды сұрақ туындайды. Жекеменшік орталықтар неліктен Face ID-ға, яғни цифрландыруға қарсы?
Меніңше жауабы анық. Цифрландыру мемлекеттен бөлінген қаражаттың желге ұшпағанын, нақты кәдеге асқанын тексеру үшін қажет. Яғни Face ID арқылы орталыққа нақты қанша бала келгенін, үйірмелерге қаншауы қатысқанын білуге болады. Мұндай жағдайда жекеменшік орталықтар балалардың санын көпе-көрнеу ұлғайтып көрсете алмайды. Сөйтіп, жеңіл ақшадан қағылады.
Мәселенің мәні былай. Былтыр QOSYMSHA.KZ бағдарламасы іске қосылды. Сол арқылы балалардың түрлі үйірмелерге, шығармашылық студиялар мен спорт секцияларына мемлекет есебінен қатысуына жағдай жасалған. Әкімдік енді сол бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалғанын анықтауды көздейді. Сондықтан балалардың келген-келмегенін тексеру үшін QR-код пен Face ID сияқты электронды есепке алу тетіктерін енгізбек. Қысқасы, түпкі мақсат бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз ету.
Ал Face ID жүйесінің өзі бұған дейін пилоттық режимде сынақтан өтіп, тексерілген. Яғни деректердің қолды болуы секілді әңгіме болуы мүмкін емес. Балалар да, ата-аналар да шағымданып жатқан жоқ. «Сезікті бұрын секіреді» деуші еді. Жекеменшік орталықтардың шу шығарғанына қарағанда, түсініксіз.
Өзіңіз елестетіп қараңызшы. Мемлекет балалардың қосымша білім алуына қаржы бөліп отыр. Жекеменшік орталықтар сол арқылы табыс табады. Алайда мемлекет қаражаттың қалай жұмсалғанын тексергісі келсе, қарсылық білдіреді. Мұны қалай түсінуге болады?" - деп жазады Сәбит Рысбаев