Сотта «ҚазТрансГаз Өнімдері» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Әлік Аширов жауап берді. Ол қорғау тарапының өтінішімен куәгер ретінде шақырылғанымен, оның жауаптары мемлекеттік айыптау тарапының нұсқасын растап отыр.
Аширов сотталушының жиені Мадияр Қалменовті танымайтынын айтты. Ал автошеру ұйымдастыруға бөлінген ондаған миллион теңге Қалменовке тиесілі «BM Trust» компаниясы арқылы шығарылғаны айтылып отыр. Куәгер керісінше Жұлдыз Артықбаеваны танитынын жеткізді. Жобаға қатысты жұмыс кеңестеріне қандай мердігер компаниялар қатысқаны жөніндегі адвокаттың тікелей сұрағына Аширов тек Артықбаеваның компаниясы ғана қатысқанын айтты. Оның үстіне, аталған компания жиналғандарға бас ұйымдастырушы ретінде таныстырылған екен.
Мердігерлердің қызметін тікелей Боқаевтың бақылағанын әуе билеттер мен қонақүй қызметтерін ұсынған «Business Travel Management» ЖШС-ның бұрынғы директоры Әзиз Ғазиев те куәгер ретінде растады. Ол сотта корпоративтік әуе сапарларына арналған компанияның бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынған таныстырылымның Боқаевтың жеке өзіне ұйымдастырылғанын айтты. Себебі Ғазиевке «ҚазТрансГазда» мұндай мәселелердің барлығы бойынша шешімді дәл осы бұрынғы кеңесші қабылдайтыны нақты түсіндірілген.
Боқаевтың бұрынғы әріптестерінің жауаптары оның туыстарына тиесілі компанияның «формалды» рөл атқарғанын және бюджет қаражатының жұмсалуын Боқаевтың өзі бақылағанын айқындай бастағанда қорғаушылар өздеріне үйреншікті сарынға басып, процесті созып, істің мән-жайын басқа арнаға бұру тактикасын қолданды.
Мемлекеттік айыптау тарапы Алматыдағы «Ramada» қонақүйін басқаратын «Salem hotel management» ЖШС басшысы С. Бабельді сотқа шақырды. Куәгер 2018 жылы конференция қатысушыларын тамақтандыру мен орналастыру шығындарын толығымен «We Can» ЖШС төлегенін растады. Бұл түбіртектер Боқаевтың барлық шығынды жиені төлеген деген нұсқасына тағы да қайшы келетінін түсінген қорғаушылар сот талқылауының негізгі тақырыбынан ауытқитын сұрақтар қоя бастады.
Төлем сомалары мен қаржылық операцияларды талқылаудың орнына, адвокаттарды қонақүйдің неше жұлдызды және ғимараттың қанша қабатты екені, сондай-ақ асхана залына қанша адам сыятыны, таңғы астың тұру ақысына кіретіні-кірмейтіні және нөмір санаттарының қандай әріптік белгілермен көрсетілетіні көбірек қызықтырды.