Қазақстан тұщы су айдындарын қалпына келтіру бойынша әлемде алтыншы орынға шықты

Қазақстан тұщы су айдындарын қалпына келтіру бойынша әлемде алтыншы орынға шықты

Қазақстан тұщы су айдындарын қалпына келтіру аумағы ең үлкен он елдің қатарына енді. GEOSTATISTICA жобасы жариялаған рейтингте республика алтыншы орынға жайғасты, деп хабарлайды ult.kz.

Қазіргі таңда елімізде деградацияға ұшыраған шамамен 330 мың гектар көл, өзен және сулы-батпақты алқапты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қуаң далалы аймақта орналасқан Қазақстан үшін әрбір су айдынының маңызы зор.

Көшбасшы елдер кімдер?

Рейтингте айтарлықтай басымдықпен Индонезия бірінші орында тұр. Бұл елде шамамен 6 миллион гектар аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Индонезия көптеген жылдан бері көміртектің орасан зор қорын сақтайтын, деградацияға ұшыраған тропикалық шымтезекті алқаптарды қалпына келтіріп келеді.

Одан кейін Польша мен Бенин орналасқан. Бұл елдердің әрқайсысында қалпына келтіріліп жатқан аумақ көлемі 1 миллион гектарға жуық. Ал Камерун мен Ирак алғашқы бестікті түйіндейді.

Қазақстан осы елдерден кейінгі алтыншы орынға жайғасып, АҚШ, Нидерланд, Кения және Моңғолиядан озып тұр. Америка Құрама Штаттарымен арадағы айырмашылық үлкен емес: рейтингте бұл ел үшін 310 мың гектар көрсетілген.

Жаһандық бастаманың бір бөлігі

2024 жылғы желтоқсанда Эр-Рияд қаласында өткен One Water саммитінде Қазақстан әлемдегі тұщы су ресурстарын қалпына келтіру мен қорғауға бағытталған ең ірі бастама – Freshwater Challenge бағдарламасына ресми түрде қосылды. Қазақстан аталған саммитті ұйымдастырушылардың бірі болды.

Бастаманың негізгі мақсаты – 2030 жылға дейін 300 мың шақырым өзенді және 350 миллион гектар сулы-батпақты алқапты қалпына келтіру. Бағдарламаға қатысушы елдер ұлттық мақсаттары мен жобаларын өздері айқындайды, ал халықаралық қорлар оларды қаржыландыруға көмектеседі.

Солтүстік Арал қайта толып келеді

Қазақстандағы су айдынын қалпына келтірудің ең танымал мысалы – Арал теңізі. 2005 жылы Қазақстан Сырдария суын ұстап қалу және Солтүстік Аралды сақтап қалу мақсатында Көкарал бөгетін салды. Сонымен қатар теңізге көбірек су жіберу үшін суару жүйелері жаңғыртылды.

2022 жылдың соңында Солтүстік Аралдағы су көлемі 18,9 миллиард текше метр болса, 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 23 миллиард текше метрге жетті. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қаңтар айындағы отырысында Мемлекет басшысы Аралды құтқару бүкіл адамзаттың міндеті екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, «бір кездері тартылып қалған теңіз қайта оралып, Кіші Арал біртіндеп қалпына келіп жатыр».

Алдағы уақытта жұмыстың келесі кезеңі басталмақ. Жобаның екінші кезеңі Көкарал бөгетін қайта жаңғыртуды көздейді. Бұл Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруге мүмкіндік береді. Жұмыстарды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

Президент жобаның табысты жүзеге асуы су дипломатиясына да байланысты екенін атап өтті. Себебі Қазақстан аумағы арқылы өтетін көптеген өзен көршілес мемлекеттерден бастау алады.

Каспий тайызданып барады

Каспий теңізіндегі жағдай әлдеқайда күрделі. Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экологиялық саммитінде Президент Әзербайжанның Каспий теңізінің тайыздануы мәселесі бойынша вице-премьерлер деңгейінде үкіметаралық комиссия құру туралы ұсынысын қолдады.

Мемлекет басшысының айтуынша, «тайызданудың салдарын азайту және жұмсарту, экономикаларымыз бен экожүйелерімізге болып жатқан өзгерістерге бейімделуге көмектесу мақсатында келісілген іс-қимылдарға көшетін уақыт келді».

Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі кеме қатынасына, порт инфрақұрылымына, балық шаруашылығына, энергетика мен өнеркәсіпке қауіп төндіріп отыр. Қазірдің өзінде Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астам аумаққа қысқарған.

Әсіресе Каспий итбалығының тағдыры алаңдаушылық туғызады. Соңғы жүз жылда оның саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Осыған байланысты Каспий маңы мемлекеттері Қазақстанның Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысын мақұлдады.

Су мәселесі Президент Жолдауында да көтерілді

Су тақырыбы Президенттің қазан айының соңында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтылды. Мемлекет басшысы су ресурстары тапшылығы жүйелі әрі батыл шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті.

Үкімет пен әкімдіктерге су тұтынуды бақылауды күшейту, су желілеріндегі шығындарды азайту және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға, соның ішінде автожуу орындарында қолдануға жол бермеу тапсырылды.

Президенттің айтуынша, судың нақты құнын ескеру қажет. Сондықтан су тұтыну саласында басталған тарифтік реформаны соңына дейін жеткізу керек.

Су есебі цифрлық форматқа көшуге тиіс. Үкіметке Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесін қысқа мерзімде құру жұмыстарын аяқтау міндеттелді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «суға ұқыпты қарау шаруашылық жүргізудің міндетті қағидатына айналуы керек».