«Миллион» жайдарман командасы арқылы танылған әзілкеш Мансар Орынхан саясатқа қадам басты. Ол Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде сайлауға қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі бұл жаңалығын Instagram парақшасында жариялап, негізгі басымдықтарын да атады. Оның айтуынша, мәдениет пен өнерді қолдау, спортты дамыту және жастардың әлеуетін арттыруға басымдық бермек.
«Мәдениетке қолдау, спортқа серпін, елге даму! Елдің ең үлкен байлығы – адами капитал. Әр азаматтың қабілетін ашу, жастардың әлеуетін қолдау, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеу – ел болашағының негізі», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Мансар Орынхан мәдениет пен спортты дамыту арқылы қоғамның рухани және зияткерлік әлеуетін көтеру маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашаға белгіленген. Бұған дейін Мансар Орынхан Түркістан күрес федерациясының вице-президенті болып тағайындалған еді.