Шымкентте адам ұрлап, аса қатыгездікпен өлтірген алты адам 20-23 жылға сотталды

Шымкентте адам ұрлап, аса қатыгездікпен өлтірген алты адам 20-23 жылға сотталды
видеодан скриншот

Шымкентте болған резонансты қылмысқа қатысы бар алты адам 20 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар бұған дейін де сотталған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу барысында сотталушыларға алдын ала сөз байласу арқылы топ болып бұзақылық жасау, пышақ қолдану, бұзақылық ниетпен адам өлтіруге оқталу, сондай-ақ өмірге қауіпті күш пен қару қолданып, адам ұрлау және кейін оны аса қатыгездікпен өлтіру айыптары тағылған.

Қала тұрғындарын дүр сілкіндірген оқиға биыл 20 қаңтарда Шымкенттің адам көп жүретін көшелерінің бірінде болған. Суық қару қолданылған төбелес пен адам ұрлау сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алайда полиция оқиға орнына дер кезінде жетіп үлгермеген.

Бірнеше сағаттан кейін қылмыскерлер ұрланған қала тұрғыны Василий Колесниковтың азапталған денесін Шымкенттен 100 шақырым қашықтықтағы Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылына тастап кеткен.

Онымен бірге көлікте болған екі танысы аман қалған. Олардың біреуі ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқандықтан, өлім аузынан қалған.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты сотталушылардың кінәсін дәлелденген деп таныды.

Айта кетейік, күдіктілердің бірі әлі күнге дейін тергеуден жасырынып жүр.

Жаппай төбелесте қаза тапқан жігіттің әкесі жан сырын ақтарды.