Тамақ таситын көлікпен 13 телефон өткізбек болған: түрме аумағында заңсыз жүк анықталды

Тамақ таситын көлікпен 13 телефон өткізбек болған: түрме аумағында заңсыз жүк анықталды
Polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне тыйым салынған заттарды жасырын жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Тексеру кезінде азық-түлік тасымалдаған көліктен 13 ұялы телефон мен байланыс құралдары табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №51 мекемесінде болған. Мекеменің асханасына азық-түлік жеткізген ВАЗ маркалы автокөлікті тексеру барысында қызметкерлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері полиэтиленнен жасалған жеті ораманы анықтаған.

Орамалардың ішіне тыйым салынған заттар жасырылған болып шықты. Тексеру нәтижесінде 13 ұялы телефон, SIM-карталар, құлаққаптар және USB кабельдері тәркіленді.

Қазір заңсыз жүкті мекемеге жеткізуге қатысы бар тұлғаларды анықтап, оларды жауапкершілікке тарту үшін қажетті материалдар жинақталып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды беру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.