Ақтөбедегі неке сарайында әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап кетті

Ақтөбедегі неке сарайында әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап кетті
Ашық дереккөз

Ақтөбеде неке сарайының ғимаратында 26 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты. Қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті деп танылып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Қайғылы оқиға күннің бірінші жартысында болған. Ғимарат маңында жүрген адамдар айқайлаған дауысты естіген. Оқиға санаулы минуттың ішінде болған.

Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері қызды аман алып қала алмаған. Ол дәрігерлер келгенге дейін алған жарақатынан көз жұмған.

Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдайға дейін марқұм мен бұрынғы күйеуінің арасында жанжал шыққан. Алдын ала болжам бойынша, жанжалға қыздың жаңа жігітімен бірге неке сарайына келуі себеп болуы мүмкін. Марқұм балаларын өзі тәрбиелеп отырған.

Полиция күдіктіні жедел іздестіру шаралары барысында анықтап, ұстаған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Аталған факті бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Ал неке сарайы өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.