«Ақша берсең, түрмеден шығарамын»: астаналық тұрғын 57 млн теңгеге алданды

«Ақша берсең, түрмеден шығарамын»: астаналық тұрғын 57 млн теңгеге алданды
24.kz

Астанада танысын қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесемін деп 27 млн теңге мен 30 мың доллар алған ер адамға сот үкімі шықты. Ол алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы танысының қылмыстық ісіне қатысты жағдайды пайдаланып, оның туыстарына көмектесуге уәде берген. Ол істің оң шешілуіне ықпал ете алатынын айтып, алдымен 27 млн теңге алған.

Алайда жәбірленушінің танысы 2 жыл 6 айға сотталған. Осыдан кейін алаяқ апелляциялық сотта оны ақтап алуға көмектесетінін айтып, тағы 30 мың доллар талап еткен. Ақша екі бөлек төлеммен берілген.

Осылайша, сотталушы жалпы 27 млн теңге мен 30 мың долларды иемденген. Кейін жәбірленушіге 39 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

Сотта прокурор 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраса, айыпталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап еткен.

Сот оның асырауында кәмелетке толмаған балалары барын және шығынның бір бөлігін өтегенін ескерді. Дегенмен қылмысты қайталап жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.

Нәтижесінде оған 6 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.