Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтарға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген екі шетелдік азаматқа іздеу жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Іздеуге жарияланғандар – 1985 жылы туған Ресей азаматы Дмитрий Пунин және 1989 жылы туған Украина азаматы Марина Ильина. Оларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау таңдалған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер заңсыз онлайн-казино қызметін жүргізу үшін бақылауындағы компаниялардан, төлем ұйымдары мен банк құралдарынан тұратын халықаралық инфрақұрылым құрған.
Қазақстандағы схеманың бір бөлігі PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызмет көрсетуге лицензия алған «Бонами» ЖШС арқылы жүзеге асқан. Алайда тергеу нұсқасы бойынша, заңды букмекерлік қызмет интернет-казино жұмысын жасыру үшін пайдаланылған.
Қаржы ағындарын ұйымдастыру үшін сатып алынған төлем ұйымдары, іс жүзіндегі басшылары басқа адамдар болған компаниялар және банк терминалдарының желісі іске қосылған. Бұл жүйенің жұмысына қаржы секторы өкілдері де көмектескен деген күдік бар.
Нәтижесінде түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдауға пайдаланылған.
Агенттік мәліметінше, қаржы операцияларының жалпы көлемі 106 млрд теңгеден асқан.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі адамдардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан +7 7172 70 84 78 нөмірі арқылы кезекші бөлімге хабарласуды сұрайды.