Ақтөбедегі колледж жатақханасында әлімжеттік: 16 жастағы студенттің өліміне қатысты сот басталды

Ақтөбедегі колледж жатақханасында әлімжеттік: 16 жастағы студенттің өліміне қатысты сот басталды
Time.kz

Ақтөбеде колледж жатақханасында болған қайғылы оқиғаға байланысты сот процесі өтіп жатыр. Тергеу материалдарына сәйкес, 21 жастағы жоғары курс студенті 16 жастағы Нұрбақыт Бақытты түн ішінде төртінші қабаттың терезесінен түсіп, дүкенге тамақ әкелуге мәжбүрлеген. Жасөспірім биіктіктен құлап, 42 күннен кейін ауруханада қайтыс болған. Бұл туралы Time.kz басылымы жазды.

Оқиға 29 сәуірде Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында болған.

Төртінші қабаттан көрпелермен түсірмек болған

Айыптау материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға болған түні жатақхананың бір бөлмесінде 16 жастағы үш студент телефонмен ойын ойнап отырған. Сол кезде олардың бөлмесіне төртінші курс студенті, 21 жастағы Мади Сүгербай кірген. Ол алдымен темекі сұраған. Жасөспірімдерде темекі болмаған соң, біреуін басқа бөлмелерден іздеуге жіберген. Алайда ол ештеңе таппай оралған.

Одан кейін Сүгербай тамақ әкелуді талап еткен. Бұл уақытта жатақханада ұйықтау уақыты басталып, қабаттардағы есіктер кілтпен жабылған еді.

Сот материалдарында көрсетілгендей, ол 16 жастағы Нұрбақытты төртінші қабаттағы терезеден түсіп, дүкенге баруға көндірмек болған. Алғашында жасөспірім бұған қарсылық білдірген.

Кейін Сүгербай бес көрпені бір-біріне байлап, арқан ретінде пайдалануды тапсырған. Жасөспірімдерді де осы іске жұмылдырған. Біреуі есік алдында қарауылдаса, екіншісі Нұрбақытты түсіруге көмектескен.

Алғашында жасөспірім қорқатынын айтып, терезеден түсуден бас тартқан. Қасындағы курстасы оны қайтадан бөлмеге кіргізген. Алайда Сүгербай келіп, оны қайтадан сыртқа шығуға көндірген.

Жасөспірім 42 күннен кейін көз жұмды

Нұрбақыт төртінші қабаттан көрпелер арқылы төмен түсіп келе жатқанда, үшінші және төртінші қабаттың арасында құлап кеткен. Оны ұстап тұрған көрпелер бөлмедегі жасөспірімдердің қолында қалған.

Оқиға болған соң студенттер тәрбиешіні шақырып, полиция келген. Жедел жәрдем жеткенше жасөспірімдер зардап шеккен құрдасына алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.

Ал айыптау материалдарында Сүгербайдың әрекеті ерекше атап өтіледі. Ол зардап шеккен жасөспірімге қатысты «жата берсін, шіріп» деген сөз айтып, қалған екі студенттен полицияға Нұрбақыт терезеден өз еркімен түсті деп айтуды талап еткен.

Ауыр жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, Нұрбақыт 42 күннен кейін көз жұмған.

Қазір Мади Сүгербайға екі бап бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, ол адамды қауіпті жағдайда қалдырды және абайсызда өлімге себеп болды деп айыпталып отыр. Алайда сотталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Жатақханада кіші курс студенттерін ұрып-соғу деректері де айтылды

Сот отырысында колледж жатақханасындағы студенттер арасындағы әлімжеттік жағдайлары да белгілі болған.

Кіші курс студенттерінің айтуынша, жоғары курс студенттері оларды қорқытып, ұрып-соққан. Біріне аяқ киім сөресінен алынған темір түтікпен соққы жасалса, енді бірін қанжармен және жұдырықпен ұрған. Сондай-ақ шапалақпен ұру жағдайлары болған.

Алайда жасөспірімдер бұл туралы ешкімге шағымданбаған. Олардың сөзінше, шағымданса, өзгелер оларды «терпила» немесе «сатқын» деп қабылдауы мүмкін еді.

Сотта куәлік берген студенттердің бірі Мади Сүгербайдың бұған дейін де басқа студенттерді ұрғаны үшін жатақханадан шығарылғанын айтқан. Бірақ біраз уақыттан кейін ол қайта оралып, жатақханада тұра бастаған.

Осы оқиғадан кейін колледж жатақханасында студенттерді бөлек орналастыру туралы шешім қабылданған. Қазір кіші курс студенттері екінші қабатта, ал жоғары курс студенттері үшінші қабатта тұрады. Кіру есіктері де бөлінген.

Марқұмның анасы колледж басшылығын да жауапқа тартуды талап етеді

Нұрбақыттың анасы Кулайм Қолова қайғылы жағдайға жатақхана мен колледж басшылығы да жауап беруі керек деп санайды.

«Оларды жауапқа тартқым келеді. Менің ойымша, ол жерде студенттердің қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тәртіп те жоқ. Ұлым өмір үшін күресіп жатқанда, тәрбиешілердің бірінен балаларды неге қадағаламағанын сұрадық. Ол: “Бізді соттаса, соттай берсін, біз ұйықтап жатқанбыз”, – деп жауап берді. Бұл қалай болғаны? Мен баламды соларға сеніп тапсырдым», – дейді анасы.

Оның айтуынша, колледж директоры осы уақытқа дейін отбасымен кездесіп, көңіл айтпаған. Анасының сөзінше, басшының денсаулығына байланысты жағдайы болмағаны айтылған. Ал өзге педагогтер отбасыға көмектесіп, Нұрбақытты соңғы сапарға шығарып салуға қатысқан.

Сот процесі жалғасып жатыр.