Маңғыстау облысында есірткі контрабандасымен айналысқан Иран азаматына қатысты сот үкімі шықты. Ол шетелден ұшып келіп, асқазанында жалпы салмағы бір келіден асатын апиын салынған 113 капсуланы тасымалдаған, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шетел азаматын есірткі контрабандасы, сондай-ақ есірткіні өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау және тасымалдау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылдың мамырында болған. Иран азаматы «Горган – Ақтау» бағыты бойынша әуе рейсімен Қазақстанға келген. Ол жалпы салмағы бір келіден асатын апиын салынған 113 капсуланы жұтып, асқазанында тасымалдаған. Заңсыз жүк Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері жүргізген іс-шара барысында анықталып, тәркіленді.
Мемлекеттік айыптауды облыс прокуратурасы қолдады. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Каспий теңізі акваториясында халықаралық есірткі тасымалдау арнасының жолын кескен болатын.