Қостанайда қарт зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қостанайда қарт зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
polisia.kz

Қостанайда 86 жастағы зейнеткердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде қарияның серуендеп жүрген кезінде кісі қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Сондай-ақ тағы бір адамның шабуылға ұшырағаны жөнінде мәлімет жарияланған. Алайда полиция бұл ақпараттың бір бөлігін жоққа шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 86 жастағы ер адамның мәйіті табылғаннан кейін аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау, қажетті дәлелдерді жинау және қылмысқа қатысы бар адамды анықтап, ұстау бағытында кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицияның хабарлауынша, іске барлық қажетті күш пен құрал жұмылдырылған.

Ведомство әлеуметтік желілерде тараған екінші адамға шабуыл жасалғаны туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.

Қостанай облыстық ПД тергеу мүддесіне байланысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.