Қазақстан елшісі Ташкентте уланған балалардың жағдайын білді

Қазақстан елшісі Ташкентте уланған балалардың жағдайын білді
Елшіліктің баспасөз қызметі

Өзбекстан астанасы Ташкентте тамақтан уланған Қарағанды футбол командасының 11 жас ойыншысы ауруханаға жатқызылды. Жалпы медициналық көмекке 19 қазақстандық жүгінген. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі балалар мен олардың ата-аналарының жағдайын білді, деп хабарлайды ult.kz.

Елшіліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, елшіліктің жедел желісіне қоңырау түскен сәттен бастап консул Сәкен Пердебеков дереу ауруханаға барып, оларға қажетті консулдық көмек көрсетіп жатыр.

Қарағандылық футбол командасы Өзбекстанға Dostlik Cup 2026 фестиваліне қатысу үшін барған. Алайда қонақүйде балалар мен ересектердің денсаулығы сыр беріп, улану белгілері байқалған.

Оқиға туралы хабар түскен бойда Қазақстан консулы Сәкен Пердебеков ауруханаға барып, зардап шеккендерге консулдық көмек көрсете бастаған.

Қазіргі уақытта Ташкенттегі №5 қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға 17 адам жатқызылған. Олардың 11-і бала, алтауы – ересек адам. Тағы екі адам медициналық көмек алған. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, дәрігерлер бақылауында.

Оқиға Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Отабек Имамовтың бақылауында.

Балаларға көмек көрсетуге Ташкент медициналық университетінің профессорлары, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары және басқа да бейінді сарапшылар тартылған. Турнир ұйымдастырушылары да зардап шеккендерге қажетті қолдау көрсетіп жатыр.