«Ұмай» ипотекасына екінші мүмкіндік: әйелдерге 20 млрд теңге бөлінді

«Ұмай» ипотекасына екінші мүмкіндік: әйелдерге 20 млрд теңге бөлінді
Ашық дереккөзден

Қазақстанда 3 қарашадан бастап әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл жолы бағдарламаға Азия даму банкі бөлген 20 млрд теңге көлеміндегі екінші транш бағытталып отыр. Алғашқы 9 млрд теңгелік қаржы 2026 жылғы 31 тамызда небәрі жеті сағат ішінде толық игерілген болатын, деп хабарлайды ult.kz.

«Ұмай» бағдарламасының негізгі талаптары өзгерген жоқ. Әйелдер тұрғын үй сатып алу үшін 50 млн теңгеге дейін, ал баспана жөндеуге 15 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады.

Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 14,8 пайыз. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 16,3–16,8 пайыз аралығында. Бастапқы жарна ірі қалаларда 20 пайыздан, өңірлерде 15 пайыздан басталады.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасының айлық табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар өтініш беруші соңғы алты айдағы төлем қабілеттілігін растауға және сатып алған немесе жөндеген тұрғын үйде тұруға міндетті.

Банк табыс көзі ретінде жалақыны ғана емес, зейнетақыны, шәкіртақыны, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірісті және басқа да тұрақты төлемдерді есепке алады. Қажет болған жағдайда қосалқы қарыз алушыны тартуға мүмкіндік бар.

Алғашқы транш кезінде өтінім қабылдау сайтында техникалық іркілістер туындап, көптеген әйел онлайн тіркелуде қиындыққа тап болған еді. Бұл жолы «Отбасы банк» өтінім берудің үш тәсілін ұсынды:


- Банк кеңесшісі арқылы: мамандар төлем қабілеттілігін алдын ала бағалап, құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі;
- Онлайн: «Бейне-қызмет көрсету» сервисі арқылы оператордың көмегімен өтінім беруге болады;
- Банк бөлімшесінде: құжаттарды тікелей тапсыруға мүмкіндік бар.


Айта кетейік, алғашқы транштың қысқа уақыт ішінде таусылуы бағдарламаға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Сондықтан баспана алуды жоспарлаған әйелдерге несие талаптарын алдын ала зерделеп, қажетті құжаттарын дайындап қойғаны жөн.