Қазақстанда жеке тұлғалардың шотына түсетін мобильді аударымдар арқылы кәсіпкерлік табысты анықтау шегі көтерілді. Енді салық органдары азаматтың аударымдарына назар аударуы үшін үш айдағы жалпы сома 360 АЕК-тен, яғни 2026 жылы 1 557 000 теңгеден асуы керек. Бұл ретте тек осы талаптың орындалуы жеткіліксіз, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін кәсіпкерлік табысты анықтауға арналған шекті сома айына 12 ең төменгі жалақыны (1 020 000 теңге) құраған. Енді Қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес, бұл көрсеткіш 360 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Осылайша, салық органдары азаматтың мобильді аударымдарын тексеріп, оған хабарлама жіберуі үшін екі талап қатар орындалуы тиіс:
- үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша түсуі;
- осы үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 360 АЕК-тен асуы.
Жаңа талаптар ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң, яғни биыл 11 қарашадан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, туыстар арасындағы ақша аударымдары күмәнді операциялар қатарына жатқызылмайды. Қазақстандық банктер 2026 жылдан бастап кәсіпкерлік белгілері бар мобильді аударымдар туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға тоқсан сайын жолдайды.