Наташа Қалымбетованың қызына қатысты тың дерек шықты

Наташа Қалымбетованың қызына қатысты тың дерек шықты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Адвокат Ләззат Рақышева Наташа Қалымбетованың қызының шетелге асырап берілуіне қатысты мән-жайды анықтауды сұрады. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға үндеу жолдап, баланың қандай негізде және кімнің шешімімен елден әкетілгенін тексеру қажеттігін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Адвокаттың жазбасына кішкентай чемоданын сүйретіп, ересектермен бірге кетіп бара жатқан қыздың суреті себеп болған. Рақышева суреттегі баланың сол кездегі жасын алтыда деп көрсетіп, оның анасынан ажыраған сәтіне қатысты толғанысын жеткізді.

«Қайда бара жатқаныңды, кімге еріп бара жатқаныңды, алда сені не күтіп тұрғанын білмей, кішкентай чемоданыңды сүйретіп бара жатырсың… Небәрі алты жастасың… Сол сәтте кішкентай жүрегіңде не болды екен? Анаңнан неге алыстап бара жатқаныңды түсіндің бе екен? Қорықтың ба екен?» – деп жазды адвокат.

Оның айтуынша, қыздың АҚШ-қа әкетілуіне байланысты жауапсыз қалған сұрақ көп. Атап айтқанда, баланы шетелдік отбасыға беру рәсімінің қалай жүргізілгені, оған қандай құжаттар негіз болғаны және шешімді кім қабылдағаны анықталуы керек.

Рақышева суреттегі ересектердің, соның ішінде аудармашы болуы мүмкін әйелдің кім екенін анықтау мәселесін де көтерді. Алайда жазбада бұл әйелдің нақты кім екені туралы расталған ақпарат келтірілмеген.

«Неге Наташа осы уақытқа дейін жалғыз өзі қызының тағдырын іздеп, құқығын қорғауға мәжбүр? Неге мемлекеттік органдар бұл істі өз бақылауына алмайды?» – деп сауал қойды ол.

Адвокат құзырлы органдарды оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеруге шақырып, осындай жағдайға тап болған өзге балалардың бар-жоғын да анықтау қажет екенін айтты.

Айта кетейік, Наташа Қалымбетова қуанышты жаңалығын айтты.

Наташа Қалымбетова кім? 
 

Еске салайық, Наташа Қалымбетова бұған дейін 17 жасында жыныстық зорлыққа ұшырағанын, содан кейін дүниеге келген қызын кейін америкалық отбасы асырап алғанын айтқан. Ол ұзақ жылдар бойы баласын іздеген. 

Соңғы жарияланған мәліметке сәйкес, Қалымбетова АҚШ-та қызымен кездескенін және екеуі ДНҚ сараптамасын тапсырғанын хабарлаған.

Дегенмен кездесу қыздың кезінде шетелге асырап берілуіне қатысты барлық сұраққа жауап бермейді: Рақышева өз жазбасында осы рәсімнің заңдылығын тексеру мәселесін көтеріп отыр.