Алматыдағы Хэллоуин кеші полиция рейдімен аяқталды: 28 жасөспірім анықталды

Алматыдағы Хэллоуин кеші полиция рейдімен аяқталды: 28 жасөспірім анықталды
Polisia.kz

Алматыда Хэллоуин мерекесін атап өтуге жиналған жастардың полиция бөлімшесіне жеткізілгені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті түсініктеме беріп, түнгі рейд кезінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 28 жасөспірім анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Egov.press Telegram арнасының хабарлауынша, Хэллоуин мерекесіне орай түрлі кейіпкерлердің костюмін киген жастар қала көшелеріне шыққан. Алайда көп ұзамай олардың бірқатарын полиция қызметкерлері ұстап әкеткені туралы видео жарияланды.

Жазбада Жібек жолы көшесіндегі полиция бөлімшесінің маңына жиналған адамдарды көруге болады. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алмалы ауданында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілген.

Ведомство өкілдері полицияның мерекелік шараларға немесе тұрғындардың бос уақытын ұйымдастыруына кедергі келтірмейтінін атап өтті. Алайда қоғамдық орындарда қауіпсіздікті сақтау және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу – полицияның негізгі міндеттерінің бірі.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, рейд барысында «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 28 жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар толтырылған.

Полиция кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруіне заңмен тыйым салынғанын еске салды.

Ведомство ата-аналарды балаларының қайда жүргеніне, кімдермен араласатынына, әсіресе кешкі және түнгі уақыттағы қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Балалардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік», – деп атап өтті полиция өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Астанада полиция қызметкерлерінің кәмелетке толмаған балаларды полиция бөлімшесіне жеткізген сәті түсірілген видео тараған еді.

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 17 тамызға қараған түні Сарыарқа ауданында ересектердің еріп жүруінсіз жүрген 10 және 12 жастағы екі бала анықталған. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер балалардың жеке басын анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізген және заңды өкілдеріне тапсырған.