Ташкентте өткен халықаралық футбол турниріне қатысқан қарағандылық балалардың бірқатары ауруханаға жатқызылды. Қонақүйде тамақтанғаннан кейін 16 жас футболшы, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана стационарлық ем қабылдап жатыр. Оқиғаға қатысты Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 28 қазан мен 2 қараша аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте «Dostik Cup» халықаралық футбол турнирі өткен. Жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан командалары қатысқан.
Турнирде Қарағанды облысының атынан үш жас санатындағы (2014, 2018 және 2019 жылы туған) балалар бақ сынаған. Өңір намысын «Jas Batir», «Nomad Akademiya» және «Skaut» жекеменшік футбол мектептерінің тәрбиеленушілері қорғаған.
Жарысқа Қарағандыдан барлығы 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Іссапарға байланысты барлық шығын қатысушылардың жеке қаражаты есебінен өтелген.
Басқарманың хабарлауынша, қазіргі уақытта 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана Ташкент қаласындағы №5 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, стационарлық ем қабылдап жатыр.
Ведомство өкілдері зардап шеккендердің Ташкенттегі қонақүйде тұрып, сол жерден тамақтанғанын нақтылады.