Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты іс бойынша «Нұр Отанның» бұрынғы идеологының алаяқтық схемасының соңғы кезеңін, яғни «ҚазТрансГаз» кәсіподағының қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, оны сотталушының жеке бизнесіне жұмсау әрекеттерін ашып көрсететін айғақтар жария етілді.
Сотта «MLS-Group» ЖШС-ның бұрынғы құрылтайшысы әрі директоры Жармұхамед Сұлтановтан жауап алынды. Сұлтановтың айтуынша, ол Боқаевпен Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасында бірге жұмыс істеген және сол кезден бері таныс. Сол уақытта ол Боқаевқа бағынышты қызметте болған. 2018 жылы Боқаев оған Мадияр Қалменовтің атына рәсімделген «BM Trust» ЖШС атынан ынтымақтастық мәселелері бойынша жүгінген. Сот отырысында «MLS-Group» ЖШС-ның банк көшірмелері зерттеліп, онда «BM Trust»-тан түскен екі транш тіркелгені анықталды.
Алғашқы аударылған транштың көлемі 5,6 миллион теңгені құрап, көрсетілген төлемнің мақсаты ретінде «жарнама саласындағы қызметтер үшін» деген анықтама таңдалған. Сұлтанов бұл қаражаттың бір бөлігі шынымен де «ҚазТрансГазға» арналған бейнероликтерді түсіруге жұмсалғанын растады. Алайда дәл осы қаражатқа Санжар Боқаев өзіне тиесілі «Art Romance» жиһаз цехы үшін сайт жасатып, цехтың жарнамасына арналған бейнероликтердің жұмыстарын да төлеген.
Екінші транш 12,3 миллион теңгені құраған. Бұл қаражат автошеру туралы деректі фильм түсіруге арналған. Куәгердің түсіндіруінше, компания мердігерлерді таба алмағандықтан, фильм түсірілмеген. Сұлтанов бұл туралы Боқаевқа хабарлаған кезде, ол фильмді түсірумен өзі айналысатынын айтқан.
Сұлтановтың сотта берген айғақтарына сәйкес, осыдан кейін 12,3 миллион теңге өзіне бағынышты жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, Боқаевқа берілген. Бас фигуранттың қорғаушылары куәгерден ақшаны беру сәтін біреудің көрген-көрмегенін нақтылады. Сұлтанов «мұндайды тіс жарып ешкімге айтпайды» алға тартып, «жоқ» деп жауап берді.
Жария етілген деректер мемлекеттік айыптау тарапының қызмет көрсету келісімшарттарының жалған сипатын дәлелдеп, кәсіподақтан жымқырылған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, Боқаевтың жеке бизнесін қаржыландыруға бағытталғаны туралы нұсқаны толық растайды.
Жауап алу барысында қорғаушылар куәгердің айыпталушымен ортақ коммерциялық мүдделердің бар-жоғына да тоқталды. Боқаев адвокаттарының мұндай сауалына Сұлтанов айыпталушымен АҚШ-та ортақ бизнес жүргізгенін растады.
Куәгердің айтуынша, кәсіпорын 2024 жылдың соңында немесе 2025 жылдың басында Техас штатында ашылған. Жобадағы бақылаушы үлес, яғни 60 пайызы Санжар Боқаевқа тиесілі болған. Ал Сұлтанов, сондай-ақ Қараев тегімен белгілі тағы бір серіктес 20 пайыздан иеленген. Сұлтанов америкалық бизнеске 500 мың доллар инвестиция салынғанын нақтылады.