Ақтауда баласын ауруханаға жатқызбаған дәрігерге шабуыл жасаған әке қамауға алынды

Ақтауда баласын ауруханаға жатқызбаған дәрігерге шабуыл жасаған әке қамауға алынды
ашық дереккөз

Ақтауда облыстық балалар ауруханасында дәрігерге шабуыл жасаған ер адам қамауға алынды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.

Аурухана мәліметінше, оқиға 31 қазанда болған. Дәрігер баланы тексеріп, оны стационарға жатқызуға медициналық көрсетілім жоқ екенін әкесіне түсіндірген. Бұған ашуланған ер адам үстелді теуіп, дәрігерге тап берген. Оны бірнеше адам әрең тоқтатқан.

Шабуылға ұшыраған балалар хирургының жағдайы жақсы. Ол жұмысқа қайта кіріскен.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Егер күш қолдану дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, бес жылдан он жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайларда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.