Алматының Боралдай шағынауданындағы Азат көшесі, 23-үйдің жанында тұрғындардың демалуына арналған жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.
Сквер «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында көркейтілді. Бұл бағдарлама қала тұрғындарына қалалық ортаны жақсартуға бағытталған жобасын ұсынуға мүмкіндік береді.
Аумақта күркелер мен орындықтар орнатылып, шахмат ойнауға арналған арнайы аймақ жасақталды. Сондай-ақ көгал төселіп, жасыл аймақ жасалды. Кешкі уақытта жайлы демалу үшін көше жарықтандыру жүйесі қарастырылған.
Биыл күзде мұнда биіктігі 3-4 метр болатын шыршалар егу де жоспарланып отыр.
Енді шағынаудан тұрғындарының таза ауада серуендеп, отбасымен демалып, өзара араласуына тағы бір жайлы орын пайда болды.
Жалпы, 2026 жылы Алматының Алатау ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында көркейту бойынша 43 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді https://budget.open-almaty.kz/ сайты арқылы беруге болады.