Биологиялық әкесі емесін білген: енді баладан бас тартқысы келеді

Биологиялық әкесі емесін білген: енді баладан бас тартқысы келеді
elements.envato.com

Қазақстандық азамат ажырасқаннан кейін биологиялық әкесі емес баланың алдындағы заңды міндеттемелерден босатуды талап етті. Ол әкелігі туралы жазбаны жоюға мүмкіндік бермейтін заң нормаларына дау айтып, Конституциялық сотқа жүгінді. Бұл туралы соттың ресми хабарламасында айтылған, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам баланың дүниеге келген кезінде өзінің биологиялық әкесі емес екенін білген. Соған қарамастан, құжат жүзінде әкесі болып тіркелуге өз еркімен келісім берген.

Алайда әйелімен ажырасқаннан кейін ол сотқа жүгініп, туу туралы актіден өз есімін алып тастауды талап еткен. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырмады. Себебі әкелікті тану туралы шешім ер адамның өз еркімен қабылданған.

Өтініш иесі қолданыстағы заңдар оның құқықтарын шектейді деп есептейді. Оның пікірінше, биологиялық туыстығы жоқ баланы асырау және тәрбиелеу міндетін жалғастыру әділетсіз.

Қазір істі Конституциялық сот баяндамашы-судья Айжан Жатқанбаеваның қатысуымен қарап жатыр. Талқылауға Бас прокуратура, мемлекеттік органдар, адвокаттар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері де қатысуда.

Конституциялық соттың түпкілікті шешімі ресми сайтында және республикалық басылымдарда жарияланады.