Қарағандыда I топ мүгедектік берілген электромонтер жұмыс берушіні сотта жеңіп шықты

Қарағандыда I топ мүгедектік берілген электромонтер жұмыс берушіні сотта жеңіп шықты
ашық дереккөзден

Қарағанды облыстық соты электр беру желісіндегі апатты жою кезінде ауыр дене жарақатын алып, кейіннен I топ мүгедектігі белгіленген электрмонтеріне 30% кінә тағуды негізсіз деп таныды, деп хабарлайды ult.kz Жоғарғы сот telegram арнасына сілтеме жасап.

Электр монтері бригада құрамында электр беру желісінде апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Жұмыс барысында желіге кернеу берілуі салдарынан жазатайым оқиға орын алып, қызметкер ауыр дене жарақатын алған. Кейін оған I топ мүгедектігі белгіленген.

Арнайы тергеп-тексеру комиссиясы жұмыс берушінің кінәсін 70%, ал қызметкердің кінәсін 30% деп анықтаған.

Комиссияның қорытындысымен келіспеген жәбірленуші сотқа жүгініп, қауіпсіздік шараларының сақталғанын, ал қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жұмыс берушінің міндеті екенін көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот қызметкердің әрекетінен өрескел абайсыздық белгілерін байқап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Алайда апелляциялық саты бригаданың жұмыс жүргізуге жіберілгенін, ал жерге тұйықтау құрылғысы кернеудің жоқтығы тексерілгеннен кейін орнатылғанын анықтады.

Сот жұмыстарды ұйымдастыру және олардың қауіпсіз жүргізілуі үшін жауапкершілік жұмыс берушінің уәкілетті тұлғаларына жүктелетінін атап өтті. 

Сонымен қатар комиссия электрмонтерінің әрекеттерінде өрескел абайсыздық болғанын және оның әрекеттері мен туындаған зардаптар арасында себеп-салдарлық байланыстың бар екенін дәлелдей алмаған.

Сот жазатайым оқиға жұмыс берушінің қауіпсіз еңбек жағдайларын тиісінше ұйымдастырмауы, оның ішінде жұмыстар жүргізіліп жатқан кезде электр желісіне кернеу берілуіне жол бермеу шараларын қабылдамауы салдарынан болған деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде Қарағанды облыстық соты талап қоюды қанағаттандырып, арнайы тергеп-тексеру актісінен қызметкердің 30% кінәсі туралы қорытындыны алып тастады.

Сот актісі заңды күшіне енді.