Димаштың тосын әрекеті жұртты күлкіге қарқ қылды

Димаштың тосын әрекеті жұртты күлкіге қарқ қылды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Димаш Құдайбергеннің гастрольдік сапар кезіндегі көңілді сәті желіде жарияланды. Латын Америкасына бет алған әнші ұшақта шығармашылықпен айналысып отырған достарын көрсетіп, өзі туралы әзіл айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Видеоны домбырашылар Темірлан мен Ернат әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен. Қос өнерпаз ұзақ сапарда да уақытын бос өткізмей, күй орындап, шығармаларын жаңаша өңдеуге кіріскен. Домбыра әуеніне сыбызғының үнін қосып, ізденістерін жол үстінде жалғастырған.

«Гастрольдік сапарлар арасында жол үстіндегі әдемі сәттерімізді, ерекше көңіл күйімізді сіздерге көрсеткіміз келеді. Кейде ең қызықты әрі ұмытылмас сәттер дәл осындай сапарлар арасында өтеді. Алдымызда – Латын Америкасы», – деп жазды олар.

Достарының жұмысын бақылап отырған Димаш қолындағы кесесін көрсетіп: «Менің жұмысым – шай ішіп беру», – деп қалжыңдады. Кейін олардың орындауындағы күйді тыңдап, қол соғып, қошемет білдірді.

Айта кетейік, Темірлан мен Ернат бұған дейін Димаштың Мадридтегі концертінде күй орындап, испан көрермендерінің ықыласына бөленген еді.

Айта кетейік, Түркі елдерінің басшылары Димаш Құдайбергеннің өнеріне тәнті болды.

Димаш Құдайберген кім? 
 

Димаш Құдайберген – қазақстандық әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі. Толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 

Әншілер Қанат және Светлана Айтбаевтардың отбасында өскен Димаш бала кезінен музыкамен айналысқан. Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау мамандығын меңгеріп, кейін Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алған. 

2015 жылы Беларусьтегі «Славян базары» халықаралық байқауының Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қытайдағы Singer ән байқауында екінші орын иеленіп, халықаралық аудиторияға кеңінен танылды. Содан бері Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания және басқа елдерде жеке концерттерін өткізді.