Солтүстік Қазақстан облысында құны 5 млрд теңге болатын түйіршіктелген жоңышқа өндіретін зауыттың құрылысын жалғастыруға мүмкіндік туды. Жобаға кедергі болған электрмен жабдықтау мәселесін аудан прокуратурасы шешуге ықпал етті, деп хабарлайды ult.kz.
Қызылжар ауданында салынып жатқан «Salar Farm» ЖШС зауытының құрылысы нысанды электр желісіне қосу қажеттілігіне байланысты тежелген. Өндіріс орнын іске қосу үшін оны Бәйтерек ауылының маңындағы қосалқы станцияға қосу қажет болған.
Инвестициялық жобаны сүйемелдеу барысында мәселені анықтаған аудан прокуратурасы аудан әкімдігіне нысанды электр желісіне қосуға жәрдемдесу туралы хат жолдады. Нәтижесінде «Bear Инжиниринг» ЖШС электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтап, зауытты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етті.
Осылайша, жобаны іске асыруға кедергі болған мәселе шешіліп, зауыт құрылысын одан әрі жалғастыруға жағдай жасалды.
Облыстық прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.