Түркістан облысының Отырар ауданында ерекше қажеттіліктері бар 96 балаға үш жыл бойы әлеуметтік көмек толық көлемде берілмеген. Прокуратура тексерісінен кейін балаларға тиесілі 9 миллион теңгеге жуық берешек толығымен өтелді, деп хабарлайды ult.kz.
Отырар аудандық прокуратурасы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметіне талдау жүргізу барысында заң бұзушылықты анықтаған.
Мәслихат шешіміне сәйкес, І, ІІ және ІІІ топтағы 7-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға ай сайын 4 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әлеуметтік көмек төленуі керек.
Алайда 2023-2025 жылдар аралығында 96 балаға белгіленген 4 АЕК орнына небәрі 3 АЕК көлемінде қаражат аударылған. Салдарынан балаларға тиесілі әлеуметтік төлемдер толық берілмей, олардың заңмен кепілдік берілген құқықтары бұзылған.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін заң бұзушылық жойылып, 96 баланың әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді. Төленбей қалған 9 миллион теңгеге жуық қаражат толық көлемде өтелді.