«Екі анам»: Олжас Абай анасы мен енесінің суретін жариялады

«Екі анам»: Олжас Абай анасы мен енесінің суретін жариялады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Актер Олжас Абай әлеуметтік желідегі парақшасында өз анасы мен енесінің фотосын бөлісіп, оларға жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі суретке қысқа ғана «Екі анам» деген жазба қалдырған. Осы сөздері арқылы актер өзін дүниеге әкелген анасы мен Дариға Бадықованың анасын бірдей жақын көретінін аңғартты.

Айта кетейік, Олжас Абай мен актриса Дариға Бадықова биыл қазан айында шаңырақ көтерді. Қос өнер иесі қуанышты жаңалығын әлеуметтік желіде жариялаған. Олжас Абай салтанатты сәттен бейнежазба бөлісіп, «Бұл жолы кино емес…» деген жазба қалдырған. 

Желіде тараған құдалық рәсімінің кадрларында актердің анасы Жұмагүлдің Дариғаға сырға тағып, батасын бергенін көруге болады. Қуанышқа екі жақтың жақындары мен достары қатысқан. Осылайша, қос өнер иесі қарым-қатынастарына қатысты әңгімелерден кейін отбасын құрғандарын көпшілікке жеткізді. 

Дариға Бадықова да Олжаспен бірге түскен фотоларын жариялап, әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін айтқан. Актриса жеке өміріне қатысты ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емес екенін жеткізіп, жұрттан ақ тілек сұраған.

Айта кетейік, Олжас Абайдың жазбасы елді шулатты. 

Дариға Бадықова кім?

Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық актриса әрі продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Шығармашылық жолында режиссер Болат Атабаевтың «Ақсарай» музыкалық театрында еңбек еткен. 

Өнер иесі көрерменге «Қазақша бизнес» фильмдеріндегі Мақпал рөлі арқылы кеңінен танылды. Кейін актерлік қызметпен қатар продюсерлікке бет бұрып, «Таптым-ау сені» комедиясын ұсынды. Бұл туындыда Олжас Абаймен бірге басты рөлдерді сомдады. Фильмнің жалғасы да жарық көріп, қос актердің шығармашылық серіктестігі жалғасты. 

Дариға Бадықова әншілік қырымен де таныс. Ол Олжас Абаймен бірге «Сезім үшін» және «Өзің барда» әндерін орындаған. Бұл шығармалар «Таптым-ау сені» фильмдерімен байланысты көрерменге жол тартты.