Атырауда 10 адам ұсталды: олар Қазақстанның батысында билікті күшпен өзгертуді көздеген

Атырауда 10 адам ұсталды: олар Қазақстанның батысында билікті күшпен өзгертуді көздеген
ҰҚК

Атырау қаласында экстремистік топ құрды деген күдікпен 10 адам ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, олар Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді жоспарлаған, деп хабарлайды ult.kz.

Арнайы операция 30 қазанда прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.

ҰҚК хабарлауынша, күдіктілер экстремистік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу, сондай-ақ терроризмді насихаттау мен діни алауыздықты қоздыру әрекеттеріне қатысы бар деп күдіктеліп отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, топ мүшелері Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді мақсат еткен.

Ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайларын тінту кезінде атыс қаруы, есірткі заттары, діни атрибутика, әдебиеттер және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған үш жасырын оқу орталығының қызметі тоқтатылды.

ҰҚК мәліметінше, топ мүшелерінің бірқатары бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған.