Грант пен диплом алып беруге уәде еткен: Орал тұрғыны бірнеше адамды алдап, ақшасын иемденген

Грант пен диплом алып беруге уәде еткен: Орал тұрғыны бірнеше адамды алдап, ақшасын иемденген
Ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында 35 жастағы әйел білім беру саласындағы мәселелерді шешіп беремін деп бірнеше тұрғынды алдап кеткен. Ол жоғары оқу орнына грантқа ауыстыруды, магистратураға түсіруді және диплом алып беруді уәде етіп, азаматтардан ақша алған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, қыркүйек айында Орал қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, күдікті ақылы негізде жоғары оқу орнында білім алып жүрген ұлын грантқа ауыстырып беруге уәде етіп, 50 мың теңгесін алған.

Тергеу барысында әйелдің Орал қаласы мен облыс аудандарының тұрғындарын осындай жолмен алдағаны анықталды.

Атап айтқанда, ол педагогтерге санаттық тестілеуден өтуге көмектесіп, қажетті шекті балды жинап беруге уәде еткен. Осы қызметі үшін бір тұрғыннан 60 мың, екіншісінен 120 мың теңге алған. Бұдан бөлек, бірнеше адамға магистратураға түсіріп, жоғары оқу орнының дипломын алып беруге уәде еткен.

Күдікті тұрғындардан көрсетемін деген қызметтері үшін алдын ала 50 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша алған. Алайда уәделерінің бірін де орындамаған.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол – Орал қаласының 35 жастағы тұрғыны.

Аталған деректер бойынша тоғыз эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.