Үкіметте өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда баланың әкесі дәрігерге шабуыл жасаған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Министр оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және екі тараптың да әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Брифингте журналистер министрден дәрігерге шабуыл жасаған адамның 12 жылға сотталудан қорқып, үнсіз қалуы мүмкін екенін сұрады.
«Қызметін атқарып жатқан азаматты біреу келіп, ұрып-соғып жұлқылап жатса, соны өзіңіз дұрыс көресіз бе?» – деп жауап берді министр.
Әлназарованың айтуынша, биыл Президенттің тапсырмасымен медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заң қабылданып, сәуір айынан бастап күшіне енген. Қазірдің өзінде ел бойынша осындай фактілерге қатысты 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалған.
«Біздің негізгі жұмысымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету. Ал бұл ата-ананың бұл қылмыстық іске неге барғаны істі тергеу кезінде белгілі болады. Егер тергеу барысында дәрігердің кінәсі анықталса, оны тағы көрерміз», – деді ол.
Министр баланың ата-анасы да жауапкершіліктен тыс қалмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, олар бұған дейін екі рет баласын ауруханаға жатқызудан бас тартып, қолхат жазып алып кеткен.
«Ең алдымен бала туралы ойлау керек. Қылмыстық іс қозғалды және тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мен ата-ананы да, дәрігерлерді де ақтауға немесе қаралауға тырысып отырған жоқпын. Бәрі заң аясында болады», – деп сендірді министр.
Еске салайық, 1 қарашада Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде ер адам дәрігерге шабуыл жасап, мойнынан қылқындырған. Аурухана өкілдерінің мәліметінше, балалар хирургі науқас баланы тексеріп, нәтижесін әкесіне түсіндірген кезде ол кенеттен дәрігерге тап берген.
Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Кейін баланың әкесі ұлынан айырылып қалудан қорыққанын айтып, дәрігердің өздерін мысқылмен қарсы алғанын алға тартты.
Ал облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінің хирургі Қанат Исмаил да өзіне тағылған айыптарға қатысты түсінік берді.