Тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерей құдағиы Бақыттың дүниеден өткенін айтып, әлеуметтік желіде естелігін бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұм – тележүргізушінің құдасы Рүстемнің анасы, келіні Камиланың әжесі. Гүлнәз Әлімгерейдің жазуынша, 69 жасында өмірден озған Бақыт құдағиы оны және жұбайы Нұрділдәні өз балаларындай көріп, аналық мейірімін аямаған.
Тележүргізуші марқұмның жары Амангелдімен бірге төрт ұл тәрбиелеп, келін түсіріп, немере-шөбере сүйгенін жеткізді. Ерлі-зайыпты келесі жылы алтын тойларын атап өтпек болған.
Гүлнәз Әлімгерей Бақыт құдағиымен соңғы рет жазда Баянауылға барған сапарында кездескенін еске алды. Сол жолы құдағиы оларды төріне шығарып, ерекше ықыласпен күтіп алған. Өзіне арнап қолымен тіккен екі жастықты сыйға тартқан.
Содан бері тележүргізуші сол жастықтарды көлігінде ұстап, сапарға шыққанда бірге алып жүрген. Енді олар құдағиының қолының табы мен мейірімін еске салатын қымбат естелікке айналғанын жазды.
Айта кетейік, Мирас пен Құралай төрт қабатты үйін сатылымға шығарды.
Гүлназ Әлімгерей кім?
Гүлнәз Әлімгерей – қазақстандық журналист, тележүргізуші, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. Көрерменге «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы жаңалықтар жүргізушісі ретінде танылған. Ақтөбе өңірінің тумасы.

Ол журналист Нұрділдә Ораздың жұбайы. Ерлі-зайыпты 2025 жылы ұлдарын үйлендіріп, келін түсірген.
Гүлнәз Әлімгерей тележүргізушілікпен қатар, түрлі мәдени іс-шаралар мен республикалық деңгейдегі басқосуларды жүргізген. Ол туған өлкесі Ақтөбеде ұйымдастырылған «Туған жер» форумының негізгі шарасына да жүргізуші ретінде қатысқан.

Журналист болашақ мамандармен тәжірибесін бөлісуге де атсалысады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен шеберлік сабақтарына қатысып, студенттерге телевизия саласындағы тәжірибесін таныстырған.
2010 жылы «Астана ханымы» байқауында жеңімпаз атанған. Байқауда оның сахна мәдениеті мен өнері бағаланған.