Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздер 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өтеді

Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздер 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өтеді
ТСН

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф X әлеуметтік желісінде жұмыс топтары деңгейіндегі үшжақты келіссөздер өтетін күнін жариялады, деп хабарлайды ult.kz AXIOS басылымына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, АҚШ делдалдық жасайтын келіссөздерде соғыстан кейінгі қауіпсіздік жөніндегі уағдаластықтар, әскери шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық бастамалар және бейбітшілікке қол жеткізудің келесі қадамдары талқыланады.

Сонымен қатар, осы аптада АҚШ өкілдері Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездеседі. Тараптар Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін, соғыстан кейінгі Еуропаның қауіпсіздік жүйесін және Украинаны қалпына келтіруге бағытталған экономикалық мүмкіндіктерді талқыламақ.

Axios басылымының хабарлауынша, келесі аптадағы келіссөздерде АҚШ делегациясын Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер басқаруы мүмкін.

Ресей тарабы да кездесу өтетінін растады. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей делегациясы 10–11 қарашада Әбу-Дабиде болатынын мәлімдеді. Мәскеудің бас келіссөз жүргізушісі бұрынғы мәдениет министрі Владимир Мединский болып қала береді.

Песковтың айтуынша, Ресей делегациясының мүшелері келіссөзге дейін президент Владимир Путинге ағымдағы мәселелер бойынша баяндама жасап, тиісті нұсқаулар алады.

Басқа мәлімдемелері:

🔸 Кремль Украина армиясындағы адам тапшылығы мәселесі алдағы уақытта күшейе түседі деп есептейді.

🔸 Ресей Украина қарулы күштерінің энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

🔸 Мәскеу өз энергетикалық нысандарын қорғау шараларын күшейткенін, бірақ шабуылдардан толық қорғану мүмкін емес екенін айтты.

🔸 Ресей Украина инфрақұрылымына ауқымды соққылар жасауды жалғастыратынын мәлімдеді.

🔸 Кремль Владимир Путин, Дональд Трамп және Си Цзиньпиннің үшжақты кездесуін ұйымдастыру жұмыстары жақын арада аяқталады деп үміттенеді.

Алдағы Әбу-Даби келіссөздерінің негізгі мәселесі – соғысты тоқтату ғана емес, соғыстан кейінгі қауіпсіздік тәртібінің қандай болатынын келісу.