Танымал әнші әрі кинопродюсер Серік Ибрагимов "Интеллигентно қу" жобасында қонақ болып, алғашқы "Заманback" фильмін түсіру жолында бастан өткерген қиындықтарын және табысқа жеткеннен кейінгі өзгерістерін айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің сөзінше, кино түсіру туралы шешім қабылдағанда оның бастамасына көпшілік күмәнмен қараған. Тіпті жақын таныстарының арасында бұл ойынан бас тартуға кеңес бергендер де болған. Алайда әнші тәуекелге бел буып, жобаны жүзеге асыру үшін қарыз алуға мәжбүр болған.
"Ешкім сенген жоқ қой. Тек әйелім мен азын-аулақ достарым сенді. Әйеліме рақмет", – деді ол.
Серік Ибрагимов алғашқы фильмін небәрі бір миллион теңгемен бастағанын айтты. Кейін түсірілімге қажетті қаражатты жинау үшін таныстарына жүгінген. Алайда олардың бәрі бірдей қолдау көрсете қоймаған.
"Бір миллион теңгемен бастап, әркімнен қарыз сұрап түсіріп алдым. Киноның шығыны 130-140 миллиондай болды. Сол кезде бәріңе ренжіп қалғанмын. 200 мың теңге сұрасам, бермеген кездер болды", – деп еске алды әнші.

Қиын сәтте қол ұшын созған жандардың бірі – әнші Мейрамбек Беспаев. Серік Ибрагимов өнердегі ағасының ақыл-кеңесі мен қолдауы алғашқы жобасын жүзеге асыруға септігін тигізгенін атап өтті.
Дегенмен "Заманback" фильмінің табысқа жетуі әншінің өзіне де әсер еткен. Ол көптен күткен арманы орындалған соң мінезінде өзгеріс болып, тәкаппарлыққа бой алдырғанын жасырмады.
"Мен қатты есірдім. Негізі, Құдайдан: "Е, Құдай, берші маған", – деп сұрап алған дүнием ғой. Сонымен, ақшаның жарататынын жаратып, машина алдық, үйттік, бүйттік", – деді өнер иесі.
Осылайша, Серік Ибрагимов алғашқы фильмін түсіру үшін қарызға белшесінен батқан кезеңін де, көптен күткен жетістіктен кейін өзін өзгеше ұстай бастағанын да ашық мойындады.
Серік Ибрагимов кім?
Серік Ибрагимов – қазақстандық эстрада әншісі, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және кинопродюсер. Ол 1988 жылы 22 қаңтарда Қызылорда облысының Түгіскен ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, бес жасынан бастап сахнаға шыққан.
Алдымен Қызылорда музыкалық колледжінде, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған. Өнер иесі "Вокзалда қауышқан қыз" әні арқылы көпшілікке кеңінен танылды.
Оның репертуарында "Кел маған", "Жаяу", "Қазақпыз бәріміз" секілді танымал әндер бар.
2014 жылы Еуразиялық музыка сыйлығының "Жыл жаңалығы" номинациясын жеңіп алса, 2018 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды.
Кейін кино саласына бет бұрып, 2024 жылы көрерменге жол тартқан "Заманback" фильмінің продюсері атанды.