Соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық сарбаздың ізі 85 жылдан кейін табылды

Соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық сарбаздың ізі 85 жылдан кейін табылды
Gov.kz

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күндерінде қаза тапқан қазақстандық сарбаз Абдували Жылысбаевтың солдат медальоны Мәскеуде Қазақстан Елшілігіне табысталды. Енді жәдігер Отанына жеткізіліп, оның туыстарына беріледі, деп хабарлайды ult.kz.

Мәскеудегі Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде өткен рәсімде медальонды Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевқа ресейлік «Әскери археология» іздеу жасағының командирі Антон Торгашев тапсырды.

1917 жылы туған Абдували Жылысбаев Талдықорған облысының тумасы. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, 1941 жылғы 25 маусымда Белосток маңында қаза тапқан. Содан бері жетпіс жылдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған.

Сарбаздың сүйегі 2014 жылы табылған

Абдували Жылысбаевтың сүйегі 2014 жылы «Серебряная горка» халықаралық іздеу экспедициясы кезінде табылған. Кейін ол соғыстың алғашқы күндерінде қаза тапқан басқа сарбаздармен бірге Польшаның Хайнувка қаласындағы бауырластар зиратына жерленген.

Осыдан кейін оның туыстарын іздеу жұмыстары басталғанымен, 12 жыл бойы нәтиже болмаған. Тек қазақстандық «Ерлік-Даңқ» және ресейлік «Искатель» іздеу жасақтарының мұрағаттағы жұмысының арқасында сарбаздың жақындары анықталған.

Медальон туыстарына табысталады

Қорғаныс министрлігінің қолдауымен Абдували Жылысбаевтың солдат медальоны жақын арада Қазақстанға жеткізіліп, туыстарына беріледі.

Іздеу жұмыстарына Ресей мен Қазақстан өкілдерімен қатар Қорғаныс министрлігінің әскери атташесі аппаратының қызметкерлері және Мәскеу Собор мешітінің имамы Марат Аршабаев та қатысты.

Қазақстандық және ресейлік іздеу жасақтары хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды анықтау бағытындағы бірлескен жұмысын жалғастырып жатыр.